
Вена, 2025 ж. 26-27 ақпан – Швейцария мен Аустрияның қолдауымен ЕҚЫҰ аясында Орталық Азияның жас мамандарына арналған «Болашақ тамшылары» атты қорытынды семинар өтті. Семинардың басты тақырыбы – «Су-азық-түлік-энергетика өзара байланысы» болды.
Орталық Азия елдерінде ұйымдастырылған «Болашақ тамшылары» семинарлар сериясы климаттық тәуекелдер мен су ресурстарының қолжетімділігінің төмендеуін зерттеуге бағытталған. Бұл мәселелердің энергетикаға, ауыл шаруашылығына және азық-түлік жеткізу тізбектеріне әсеріне ерекше көңіл бөлінді.
Екі күндік іс-шара аясында семинар қатысушылары өңірдегі су ресурстары, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты сын-тегеуріндердің алдын алу бойынша өз жобалары мен ғылыми зерттеулерін ұсынды. Панельдік сессиялардың бірінде қазақстандық «SmartReEnergy» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Қызжібек Рысжанова Қазақстанда шағын су электр станцияларын жобалау, салу және пайдалану тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Осылайша, «Болашақ тамшылары» семинары Орталық Азиядағы су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында тәжірибе алмасу, ғылыми пікірталастар өткізу және тұрақты шешімдер іздеу үшін маңызды алаңға айналды.