
Вена, 2025 жылғы 26 ақпан – Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Басқарушылар кеңесінің жаңадан сайланған төрағасы, Гана Тұрақты өкілі Матильда Осей-Агеманмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар 2025 жылғы 3-7 наурызда Венада өткізілетін АЭХА Басқарушылар кеңесі сессиясының күн тәртібін талқылады.
Қазақстан Тұрақты өкілі АЭХА басқарушы органының басшысын 2023 жылғы 29 қыркүйекте еліміздің бастамасымен қабылданған GC(67)/RES/15 қарарын жүзеге асыру шеңберінде Агенттік мүше-мемлекеттерінің егеменді теңдігін ілгерілету жоспарларымен таныстырды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттердің АЭХА басқарушы органдарына тең және әділетті сайлану мүмкіндігін ілгерілету жөніндегі жұмысты бірігіп жалғастыруға келісті.