
Вена, 2025 ж. 20-21 ақпан – ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы депутат Айнұр Арғынбекова 240-тан астам парламент өкілдері қатысқан ЕҚЫҰ ПА-ның кезекті отырысында қазақ делегациясын басқарды.
Қысқы сессияны ашқан ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының төрайымы Пиа Каума мен Аустрия Парламентінің төрағасы Вальтер Розенкранц ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Хельсинки қорытынды акт принциптерін құрметтеу қағидатына ұжымдық бейілділегін растауға шақырды. Бас комитеттердің отырыстары барысында парламент өкілдері ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы – Финляндияның басымдықтарына қолдауларын білдіріп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Қысқы сессия барысында ҚР Парламенті делегациясы ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Фара Каримимен, сондай-ақ 2017 жылы көлік дәліздерін дамыту, сауда рәсімдерін жеңілдету, адамдардың, тауарлар мен қызметтердің еркін және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында құрылған Жібек жолын қолдау тобының 15-ші отырысына қатысты.
Сонымен қатар, іс-шара аясында сенатор А.Арғынбекова ЕҚЫҰ ПА Төрайымының орынбасары – Демографиялық өзгерістер мен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Гудрун Куглермен (Аустрия), Хорватия және Финляндия елдерінен келген әріптестерімен, сондай-ақ бұрынғы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньермен және ЕҚЫҰ ПА-ның бұрынғы төрайымы Кристин Муттоненмен екіжақты кездесулер өткізді.