Венада ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары таныстырылды

Венада ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары таныстырылды

Вена, 2025 жылғы 6 ақпан – ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің кезекті отырысы барысында Люксембург Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер және сауда министрі Ксавье Беттель Еуропа Кеңесі Министрлер Комитетінің Төрағасы ретінде өз елінің басымдықтарын таныстырып, екі өңірлік ұйым арасындағы ынтымақтастық пен синергияның маңыздылығына ерекше назар аударды.

Қазақстан өкілі өз қарымта мәлімдемесінде қазақ тарапы Еуропа Кеңесімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті, сондай-ақ демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және заң үстемдігін ілгерілету мақсатында еуропалық әріптестермен одан әрі өзара іс-қимылға дайын екенін растады.

Сонымен қоса, қазақ дипломаты ЕҚЫҰ Тұрақты кеңес қатысушыларын адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар, сыбайлас жемқорлық пен ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар, Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары туралы хабардар етті.