
Вена, 2025 жылғы 4 ақпан – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Алан Қазкенов бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Ғарыш істері жөніндегі Комитеті (COPUOS) аясында Ғылыми-техникалық шағын комитетінің 62-ші отырысына қатысты.
Қазақстан делегациясының басшысы COPUOS-қа мүше мемлекеттерді ұлттық экономикаға және табиғи ресурстарды басқаруға ғарыштық технологияларды интеграциялаудың, сондай-ақ ағымдағы және жаңадан туындайтын мәселелерді шешу үшін спутниктік бақылауды пайдаланудың ұлттық тәжірибесі туралы хабардар етті.
Сондай-ақ А.Қазкенов төтенше жағдайлардың салдарын болдырмау мақсатында Қазақстанда TASQYN атты су тасқынын болжау платформасы әзірленіп, енгізілгенін атап өтті. Платформа өзендердегі су деңгейінің қауіпті деңгейге көтерілуін 30 күн бұрын болжау және ықтимал су тасқыны аймақтарын модельдеу үшін ғарыштық, гидрологиялық және метеорологиялық мәліметтерді, сондай-ақ GloFAS су тасқыны туралы жаһандық жүйесінің деректерін пайдаланады. Осыған байланысты Қазақстан тарапы TASQYN платформасын әзірлеу және пайдалану тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ БҰҰ аясында басқа елдерді қамту аясын кеңейтуге дайын екенін білдірді.
COPUOS Ғылыми-техникалық кіші комитетінің қатысушылары сондай-ақ ғарыш нысандарын бақылау және қадағалау сегментін қоса алғанда, ғарыштық жағдайды бақылаудың ұлттық жүйесін әзірлеу жоспарларымен танысты. Мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан жердегі обсерваторияларды пайдалана отырып, жақын маңдағы нысандарды бақылау үшін БҰҰ Өңірлік үйлестіру орталығын құруды ұсынды.
Қазақстан делегациясының басшысы COPUOS-қа мүше мемлекеттер мен Ғарыш істері жөніндегі БҰҰ басқармасын 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өтетін «Space Days Kazakhstan» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды.
БҰҰ конференциясы барысында қазақстандық делегация БҰҰ Ғарыш істері жөніндегі басқармасының директоры А.Холла-Майнимен және басқа делегациялар басшыларымен Қазақстанда UN-SPIDER аясында БҰҰ Кеңсесінің қызметін және ғарышты игеру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылау мақсатында бірқатар кездесулер өткізді.