Қазақстан мен ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Вена, 2025 жылғы 27 қаңтар – Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі жаңадан тағайындалған өкілі Ян Братумен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы БАҚ бостандығын қорғау және ілгерілету саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің осы саладағы бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыру аспектілерін талқылады.

Елші Тілеуберді Қазақстан сөз бостандығы мен БАҚ бостандығын қамтамасыз ету бойынша қабылданған қағидаттар мен міндеттемелерді сақтауға ерекше мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының жобасына БАҚ бостандығы жөніндегі өкіл кеңсесі әзірлеген сараптамалық ұсыныстары, сондай-ақ журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бастамалары үшін алғысын білдірді.

Өз кезегінде Ян Брату қазақстандық тарапқа оның кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, елімізбен БАҚ бостандығын ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.