
Вена, 2025 жылғы 23 қаңтар – ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің биылғы жылдың алғашқы отырысында Финляндия Сыртқы істер министрі Элина Валтонен өз елінің Ұйымға төрағалығының басымдықтарын таныстырды.
Хельсинки актісіне 50 жыл толатын жылы Финляндия төрағалығы ЕҚЫҰ қағидаттарын қолдауға, қатысушы мемлекеттер мен Ұйымның тұрақтылығын нығайтуға және өңірлік қақтығыстарды шешуге жәрдемдесуге баса назар аударады. Гендерлік теңдікті, инклюзивтілікті, азаматтық қоғамның, әсіресе жастар мен мүгедектердің құқықтары мен олардың ЕҚЫҰ-ға белсенді қатысуын ілгерілетуге ерекше назар аударылатын болады.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы делегациясы фин төрағалығының басымдықтарын қолдайтынын мәлімдеп, Ұйымды Еуропадағы қауіпсіздікті, тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірегей диалог алаңы ретінде сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан өкілі өз сөз сөйлеуінде қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің, соның ішінде терроризмнің, есірткі тасымалының, жаппай қырып-жою қаруының таралуының, киберқауіптердің, атыс әрі жеңіл қарудың заңсыз айналымының алдын алу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығына назар аударды.
Орталық Азия үшін ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде су мәселелерін шешу, өзара байланыстықты нығайту, цифрландыру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи апаттардың қаупін азайту ұсынылды.
Қарымта мәлімдеменің соңында қазақ дипломаты Министр Валтоненге Финляндияның басымдықтарын ұсынғаны үшін алғыс айтып, оны ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрайымы ретінде Астанаға сапармен келуге шақырды.