Қазақстан мен ОПЕК Қоры өзара ынтымақтастықты дамыту бағытын растады

Қазақстан мен ОПЕК Қоры өзара ынтымақтастықты дамыту бағытын растады

Вена, 2025 жылғы 22 қаңтар - Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Халықаралық даму жөніндегі ОПЕК Қорының Вице-президенті Тариқ Әл-Нассармен кездесу өткізді.

Тараптар өткен жылы жоғары деңгейде өткен кездесулердің қорытындысы және ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттарға қол қою бойынша Қазақстан мен ОПЕК Қоры арасындағы ынтымақтастықтың жанданғанын атап өтті. Көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, жаңартылатын энергетиканы және тағы басқа бағыттар бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.

Тариқ Әл-Нассар өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрақты экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік және жеке жобаларды қолдауға Қордың мүдделілігін білдірді.

Кездесу соңында Елші Тілеуберді ОПЕК халықаралық даму қорының президенті Абдулхамид әл-Халифаны осы жылдың 29-30 мамырында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақыруды табыстады.