Қазақстанның Тұрақты өкілі ЕҚЫҰ Бас хатшысымен кездесті

Қазақстанның Тұрақты өкілі ЕҚЫҰ Бас хатшысымен кездесті

Вена, 2025 жылғы 21 қаңтар – Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ-ның жаңа Бас хатшысы Феридун Синірліоғлумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Феридун Синірліоғлуды жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, оған жұмысына табыс тілеп, әрі қарайғы сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенін растады. Ерекше назар ЕҚЫҰ бағдарламалық қызметін, оның ішінде Астанадағы Бағдарламалар офисінің жұмысын қолдауға аударылды.

Өз кезегінде Феридун Синірліоғлу Қазақстанға ЕҚЫҰ міндеттемелерін орындаудағы тұрақты қолдауы мен адалдығы үшін алғыс білдіріп, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.

Тараптар ЕҚЫҰ аймағындағы өзекті мәселелерді талқылап, Ұйымның негізгі үш бағытында – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты тереңдету бойынша жоспарлар белгіледі. Қазақстандық тарап осы бағыттардағы ЕҚЫҰ төрағасы Финляндияның басымдықтарына қолдау білдірді.

Геосаяси жағдайдың күрделілігіне қарамастан, 50 жылдық мерейтойын атап өткен және Хельсинки Қорытынды актісі қабылданған жылды еске түсірген ЕҚЫҰ-ның мемлекеттер арасындағы диалог пен сенімді нығайту платформасы ретіндегі маңызды рөлін сақтап отырғаны ерекше атап өтілді.

Кездесу соңында Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ Бас хатшысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаевтың атынан ресми шақыруды тапсырды. Феридун Синірліоғлу 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-ші съезіне қатысуға, сондай-ақ жаңа қызметінде Қазақстанға сапар жасауға шақырылды.