
Вена, 2025 жылғы 21 қаңтар – Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының жаңадан тағайындалған директоры Мария Телалианмен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ ДИАҚБ арасындағы демократияны қорғау, адам құқықтарын сақтау және заң үстемдігі саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Елші Тілеуберді Мария Телалианды жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан дәстүрлі түрде Ұйыммен, атап айтқанда ДИАҚБ-мен практикалық ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін атап өтті.
Директор Телалиан өз кезегінде қазақстандық тарапқа оның кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, елімізбен гуманитарлық өлшемдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік пен сындарлы ынтымақтастық рухында диалогты жалғастыруға келісті.