Зальцбург, 2025 жылғы 16 қаңтар — Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді Зальцбург федералды жеріне жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Елші өңір басшылығымен және бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен Аустрия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Елші Мұхтар Тілеуберді Зальцбург федералды жерінің губернаторы Вильфрид Хаслауэрмен, жергілікті парламенттің (ландтаг) төрайымы Бригитта Палауфпен және Зальцбург Сауда палатасының президенті Петер Бухмюллермен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында Қазақстанның Аустриямен көпжақты қарым-қатынастарды нығайтуға және өзара тиімді сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейтуге ерекше көңіл бөлетіні атап өтілді.
Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту қажеттілігімен келісіп, бірлескен бастамаларды іске асырудың жоғары әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар, Елші 2024 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын таныстырды.
Елші Зальцбург Сауда палатасының президенті Петер Бухмюллермен кездесу барысында палатаның мүшелерін биыл Астанада өтетін қазақ-аустриялық Үкіметаралық комиссияның және Іскерлік кеңестің отырыстарына қатысуға шақырды. Бұл іс-шаралар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа перспективалық бағыттарды анықтауға жол ашады.
Сапар барысында Елші Мұхтар Тілеуберді «Condor Speditions-Transport GmbH+Co» логистикалық компаниясының бас директоры Андреас Гфрерермен де кездесті. Кездесуде аустриялық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық жобаларға, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің дамуына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан тарапы шетелдік инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды, сондай-ақ заманауи технологиялар мен капиталды тартуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Туризм және қонақжайлылық менеджменті институтының ректоры Леонард Вёрндльмен өткен кездесуде Зальцбург федералды жерінің осы институты мен Түркістан халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті арасындағы ынтымақтастық мәселесі қарастырылды. Аталған оқу орындары 2019 жылы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Тараптар білім беру және тәжірибе алмасу салаларындағы серіктестікті тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Аустриялық серіктестер Қазақстанның инвестициялық климатты жақсартуға, шетелдік инвестицияларды тартуға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады. Кездесулерде екі тарап та ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.