
Вена, 2025 жылғы 8-10 қаңтар – Қазақстан делегациясы Қаржы әрекеттерінің жұмыс тобы (FATF) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) ұйымдастырған активтерді қайтару бойынша сараптамалық кездесуге қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Ілияс Қарабаев қаражат жылыстатуға қарсы күрес және заңсыз алынған активтерді қайтару саласындағы Қазақстан тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, І.Қарабаев осы бағыттағы ынтымақтастық механизмдерін оңтайландыруға бағытталған еліміздің құқықтық бастамалары туралы ақпарат берді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі басқармасының басшысы Айгерім Парменова заңсыз әрекеттермен байланысты активтерді анықтау және тәркілеу бойынша табысты істер туралы айтып, заңсыз қаржы ағындарын тиімді қадағалау үшін халықаралық серіктестік маңыздылығын атап өтті.
Активтерді қайтару саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және озық тәжірибелермен алмасуға арналған бұл іс-шара халықаралық сарапшылар үшін маңызды алаң болды. Кездесу барысында құқықтық ынтымақтастықты нығайту және мемлекеттер арасында ақпарат алмасу тетіктерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.