
Вена қ., 2024 ж. 17-18 желтоқсан – Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Пәкістандағы атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі сараптамалық кездесуіне қатысты.
БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) ұйымдастырған іс-шара Орталық Азия елдерінің құқық қорғау және сот органдарының өкілдеріне қылмыстық сот төрелігі саласында практикалық тәжірибе мен білім алмасуға, сондай-ақ қарудың заңсыз айналымына қарсы күресте және халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуда одан әрі тиімді тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берді.
Қазақстаннан кездесуге Жоғарғы Соттың судьясы Абай Рахметуллин, Бас прокуратура департаментінің бастығы Виталий Шабер және ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясының аға оқытушысы Жанна Исетова қатысты.
Талқылау барысында Қазақстан сарапшылары қару-жарақпен байланысты қылмыстың жолын кесу жөніндегі ұлттық тәжірибесімен бөлісіп, қару айналымына мониторинг жүргізу және бақылау үшін тиімді өңірлік тетіктерді құрудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ осы саладағы, оның ішінде БҰҰ ЕҚБ жобалары шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар ұсыныстарды айтты.