Қазақстандық фильмдер аустриялық көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырды

Қазақстандық фильмдер аустриялық көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырды

Вена, 2024 жылдың 10-11 желтоқсаны – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында ҚР Елшілігі ұйымдастырған «Алматы, мен сені сүйемін» және «Ұлы дала таңы» отандық фильмдерінің көрсетілімі өтті.

Artis International кинотеатрында өткен екі күндік сеанстарға дипломатиялық корпустың өкілдері, аустриялық шығармашылық зиялы қауым, сондай-ақ Аустрияда тұратын қазақстандықтар қатысты.

Қазақстан киносының күндерін ашу рәсімінде Аустрияда тұратын танымал блогер және полиглот Юджи Натсумеге (@yuji_beleza) «Қазақстан туризмінің елшісі» құрметті белгісі табысталды. Қазақстан туралы саяхат жазбаларымен кеңінен танымал Юджи өз әсерлерімен белсенді бөлісіп, жазылушыларының Қазақстанға қызығушылығын арттырып келеді.

Бұл шара Қазақстанның мәдени дипломатиясының шетелдік серіктестермен өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған тағы бір қадамы болды.