Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартын одан әрі нығайтуды қолдайды

Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай  тыйым салу шартын одан әрі нығайтуды қолдайды

Вена, 2024 жылғы 11 қараша – Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комитетінің 63-сессиясында сөз сөйледі.

Қазақстан Тұрақты өкілі өз сөзінде ЯСЖТШ верификациялық режимін қалыптастыру мәселесінде жалғасып жатқан прогреске қолдауын білдірді. Ол халықаралық мониторинг жүйесі шеңберінде өз аумағында бес станцияны орналастыру арқылы ЯСЖТШ тексеру режимін нығайтуға Қазақстанның практикалық үлесі туралы хабардар етті.

Ол ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) сәйкес ядролық қаруды таратпау және қарусыздану режимінің негізгі тірегі ретінде ЯСЖТШ рөлін атап өтті. Мәселен, Қазақстан 2024 жылы ЯҚТШ-ның 11-ші шолу конференциясының Дайындық комитетінің екінші сессиясында төрағалықты сәтті аяқтады және 2025 жылғы наурызда Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің үшінші кездесуіне төрағалық ететін болады.

М.Тілеуберді Қазақстан мен Кирибати бастамасымен қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қаруды қолданудан немесе сынаудан зардап шеккен құрбандарға көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру туралы қарарына егжей-тегжейлі тоқталды.

ЯСЖТШҰ Дайындық комитетінің ағымдағы сессиясы 2024 жылғы 13 қарашаға дейін жалғасады және оның қорытындысы бойынша алдағы жылдық кезеңге бірқатар маңызды шешімдер қабылданып, қазіргі Атқарушы хатшы Р.Флойдты екінші мерзімге қайта тағайындау жоспарланып отыр.