Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар Венадағы БҰҰ алаңында таныстырылды

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар Венадағы БҰҰ алаңында таныстырылды

Вена, 2024 ж. 4-8 қараша - Қазақстан делегациясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясының жүзеге асырылу барысын шолу жөніндегі топтың жаңартылған он бесінші сессиясының екінші отырысына қатысты.

Қазақстандық делегация «БҰҰ Конвенциясының жүзеге асырылуын шолу тетіктері» тақырыбындағы панельдік сессиясында сөз сөйледі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын ұдайы жетілдіру, еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріндегі халықаралық ынтымақтастық жөніндегі күш-жігері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан практикалық шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Атап айтқанда, конференцияға қатысушылар ҚР Президенті бекіткен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы, азаматтық қоғамды тарту, цифрлық шешімдерді енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған басқа да тиімді бастамалар туралы хабардар етілді.

Қазақстан тарапы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясының ережелерін орындау барысына жеке тоқталып, оны жүзеге асыруды шолу тетігін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстарын айтты.

Анықтама: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясы 2003 жылғы 31 қазанда қабылданып, 2005 жылғы 14 желтоқсанда күшіне енді. Бұл құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әмбебап сипаттағы жалғыз заңды міндетті құрал болып табылады. 2024 жылғы тамыздағы жағдай бойынша конвенцияға 191 қатысушы мемлекет қосылып, өзіне заңнама, мемлекеттік институттар және құқық қолдану саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды енгізу жөніндегі міндеттемелерді қабылдады.