
2024 ж. 9-11 қазан, Вена - Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов «Bridge for Cities 2024» атты БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымының (UNIDO) халықаралық форумына қатысты.
Іс-шара урбанизацияның қалалардың дамуына оң және теріс әсерін терең зерттеу, сондай-ақ олардың тұрақты дамуы үшін инновациялық шешімдерді әзірлеу мақсатында өткізілуде. Ұйымның болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай әлем халқының үштен екісінен астамы қалалық жерлерде тұрады. Урбанизацияның мұндай үрдісі қалаларды кеңейтуді және өзгертуді талап етіп қана қоймайды, сонымен қатар өсіп келе жатқан халықты жайластыру үшін жаңа қалалар салу қажеттілігін тудырады.
Әкім А. Өтенов қалаларды дамытуды жобалау бойынша қазақстандық тәжірибені, сондай-ақ жаңа заманауи Алатау қаласын құру бойынша өршіл жоспарларды егжей-тегжейлі таныстырды. Презентация барысында ол урбанизацияға байланысты сын-қатерлер мен оның теріс әсерлерін бәсеңдету, қалалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, инновациялар мен экономикалық өсуді ынталандыру бойынша қазақстандық билік қабылдаған шаралар жөніндегі өзекті ақпаратпен бөлісті.
Мемлекеттік органдар, халықаралық агенттіктер, жеке сектор, ғылыми орталықтар мен азаматтық қоғам өкілдерінің басы қосылған форумда 11 қазанға дейін урбанизацияға қатысты кең тұрғыдағы мәселелер мен олардың прагматикалық және инновациялық шешімдері талқыланбақ.