Венада Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің 9-шы отырысы өтті

Венада Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің 9-шы отырысы өтті

Вена, 2024 жылғы 9 қазан — Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің қолдауымен Халықаралық машина жасау форумы аясында Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстанның өнеркәсіп секторы, аграрлық саласы, сондай-ақ көлік және логистика компанияларының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Іскерлік кеңеске екі елдің экономикалық және қаржылық құрылымдарының жоғары лауазымды тұлғалары да қатысты.

Отырыс барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау негізгі тақырыпқа айналды. Іс-шараның ашылуында Аустрия Экономикалық палатасының Вице-президенті Филипп Гади Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың артып келе жатқанын атап өтіп, бұл байланыстың одан әрі нығаятынына сенім білдірді. Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді ашылу барысында сөз сөйлеп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асырылып жатқанын айтып, аустриялық компанияларды Қазақстанның перспективалы нарығына белсенді түрде инвестиция салуға шақырды.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін ұсынды, ал «Атамекен» ҰКП Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов шетелдік инвесторларды қолдау шаралары туралы баяндап, аустриялық кәсіпкерлерді бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Аустрияның Металл өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Сабине Хессе Қазақстан Машина жасаушылар одағымен табысты ынтымақтастықты атап өтіп, 2025 жылы Астанада өтетін Машина жасау форумына қатысатындарын растады.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар логистика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі салаларында ынтымақтастықты нығайтуға келісті. 2012 жылы құрылған Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесі елдер арасындағы іскерлік серіктестікті дамыту және тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында қатысушыларды үнемі жинап отырады.