АЭХА-да қазақстандық бастамаға шолу жасалды

АЭХА-да қазақстандық бастамаға шолу жасалды

Вена, 2024 жылғы 20 қыркүйек – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Бас конференциясының 68-сессиясы шеңберінде Қазақстан бастамасымен бір жыл бұрын қабылданған АЭХА-дағы мүше-мемлекеттердің егемендік теңдігін қалпына келтіру туралы қарардың жүзеге асырылуына шолу жасалды.

Агенттіктің мүше-мемлекеттері осы құжаттың мақсаттары мен міндеттерінің орындалуын, атап айтқанда барлық мемлекеттерді өңірлік топтарға орналастыру және ұйымның басқару органдарында олардың тең құқылы өкілдік ету мәселесін шешу бойынша оң нәтижелерін атап өтті. Бастаманың айқын жетістіктері ретінде Бахрейн, Непал және Бруней Даруссаламның тиісті өңірлік топтарға қабылдануы, сондай-ақ Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның АЭХА Жарғысының 6-бабына түзетулерді ратификациялау жұмыстарын аяқтауы атап өтілді.

ҚР Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді делегацияларды қазақстандық бастамамен таныстыру барысында мемлекеттерді өңірлік топтарға шұғыл енгізуге жәрдемдесу үшін көпжақты тетіктің оң динамикасын сақтау және нәтижелілігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі АЭХА Жарғысының ережесіне сәйкес Басқарушылар кеңесі мен Бас конференция бюросына ұсынылудың балама нұсқаларын мұқият қарастыруды ұсынды.

Пікірталас барысында Қазақстанның АЭХА-дағы 30 жылдық мүшелігі қызметіндегі рөлі мен үлесі атап өтілді. Қазақстанның АЭХА басқару органдарының жұмысына қатысуы еліміздің атом энергетикасын одан әрі дамыту әлеуеті, оның ішінде атом электр станциясын салу мүмкіндіктері тұрғысынан ерекше өзектілікке ие болуда.

Сессия соңында Елші М.Тілеуберді АЭХА Бас конференциясының 68-ші сессиясының төрағасы мен Агенттік хатшылығын қазақстандық қарардың орындалуына айрықша басымдық беріп, тиісті тармақтың күн тәртібінде толық іске асырылғанға дейін сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.