Венада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жұмысының басымдықтары талқыланды

Венада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жұмысының басымдықтары талқыланды

Вена, 2024 жылғы 5 қыркүйек – ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Пиа Каума сөз сөйлеп, Мальта төрағалығының ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған күш-жігерін қолдады.

Пиа Каума ЕҚЫҰ институттарының жаңа басшыларын тағайындаудың маңыздылығын атап өтіп, бюджет пен 2025 жылдан кейінгі болашақ төрағалықтар бойынша консенсусқа қол жеткізу қажеттілігіне баса назар аударды. Оның пікірінше, бұл қадамдар ЕҚЫҰ-ның "Үштік" механизмінің тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Төраға Тұрақты кеңесті осы жылдың шілдесінде Бухарестте өткен Парламенттік Ассамблеяның жыл сайынғы сессиясының нәтижелері туралы хабардар етті.

Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Пиа Кауманы Парламенттік Ассамблея төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, Бухарест декларациясында Орталық Азияға назар аударылғанына қанағаттанушылық білдірді. Климаттық дағдарыстың аймақтың әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылығына әсері ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, Елші Тілеуберді Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі мен су тапшылығының салдарымен күресуге бағытталған қарардың қабылдануын құптап, осы мәселелерді шешу үшін аймақтық ынтымақтастық пен парламенттік диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық дипломат, сондай-ақ, осы айда өтетін «One Water» саммитін өткізу жөніндегі Қазақстан мен Францияның жаһандық бастамасын, сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен Өңірлік климаттық саммитті ұйымдастыру және Алматыда Климаттық мәселелер мен жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсені ашу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Бұл бастамалар климаттық сын-қатерлерді шешуге және жасыл энергетиканы дамытуға өңірлік көзқарасты нығайтуға көмектеседі.