Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдар күні Венада атап өтілді

Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдар күні Венада атап өтілді

Вена, 2024 жылғы 29 тамыз – БҰҰ-ның Вена қаласындағы бөлімшесінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдар күніне арналған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарты ұйымы (ЯСЖТШҰ) Жастар тобының арнайы көрмесі өткізілді. Іс-шараның бастамашылары ЯСЖТШҰ, БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасы және ҚР Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі болды.

Қазақстан Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдар күні Қазақстанның бастамасымен енгізілгенін және БҰҰ Бас Ассамблеясының 2009 жылғы қарарымен бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ М.Тілеуберді бүгін Қазақстан мен ЯСЖТШҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы берік ұстанымы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу мен ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Р.Флойдтың бірлескен мәлімдемесімен бекітілгенін хабарлады. ЯСЖТШҰ Жастар тобының өкілдеріне шығармашылық жұмыстары үшін алғыс білдіре отырып, Қазақстан Елшісі БҰҰ-ның N.O.N.E. (Not One Nuclear Explosion) медиа бастамасына қосылды.

ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Р.Флойд Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпаудың жаһандық процесіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Халықаралық ұйымның басшысы 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлемде ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі халықаралық іс-қимылға түрткі болғанын атап өтіп, еліміздің басшылығына бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі күш-жігері үшін алғысын білдірді.

БҰҰ Қарусыздану жөніндегі басқармасының басшысы Ребекка Джовин БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриштің ядролық сынақтарды қайта бастауға жол бермеу туралы жолдауын оқып, ядролық сынақ жарылыстарының салдары және оларды тоқтату қажеттілігі туралы ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына қол жеткізу құралдарының бірі ретінде неғұрлым белсенді білім беруге және хабардар етуге шақырды.

Қазақстан мен ЯСЖТШҰ бірлескен мәлімдемесімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/documents/details/713585?lang=kk