
Вена, 2024 жылғы 27 тамыз – Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Халықаралық даму жөніндегі ОПЕК Қорының президенті доктор Абдулхамид Әлхалифамен кездесу өткізді.
Тараптар көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, жаңартылатын энергия және т.б. салалардағы дамудың әлеуметтік-экономикалық жобаларын іске асыру арқылы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Осы орайда, Қазақстан елшісі еліміздің инвестициялық және көліктік-логистикалық мүмкіндіктер туралы хабардар етіп, саяси және экономикалық өзгерістер туралы айтты.
Сұхбат барысында ОПЕК Қорының президенті Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды рөлін ескере отырып, халықаралық ұйымның елімізбен ынтымақтастықты тереңдетуге жоғары мүдделілігін атап өтті. Ол Астана қаласына алдағы сапары барысында ҚР Үкіметі және жеке сектор өкілдерімен бірқатар мәселелерді талқылап, ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қою жоспарларымен бөлісті.