
2024 жылғы 24-26 маусым, Вена – ҚР Премьер – Министрінің орынбасары –Ұлттық экономика министрі Н.Байбазаров Венадағы ОПЕК халықаралық даму қорының Форумына қатысты.
Форумның ашылуында Қазақстан делегациясының басшысы қатысушыларды Қазақстандағы экономикалық саясат және құрылымдық реформалар туралы хабардар етіп, халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары берік өнеркәсіптік негіз қалыптастыруға және экономиканы базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа инвестициялық цикл іске қосылатынын атап өтті.
Форум аясында Н.Байбазаров ОПЕК халықаралық даму қорының Президенті Абдулхамид Альхалифамен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін және әртүрлі бағыттардағы әріптестіктің перспективаларын талқылады, сондай-ақ ынтымақтастықтың орта мерзімді күн тәртібін айқындайтын серіктестік туралы негіздемелік меморандумға қол қойды.
Ислам даму банкінің Президенті Мұхаммед әл-Джассермен кездесу аясында стратегиялық өзара іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстанның инфрақұрылымдық жобалары мен өсу стратегиясын қолдауға бағытталған негіздемелік бағдарламалық келісімге қол қойылды.
Премьер-Министрдің орынбасары Қатар даму қорының, Сауд Арабиясының даму қорының, Кувейт араб экономикалық даму қорының және араб үйлестіру тобының басқа мүшелерінің басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.