Вена, 2024 жылғы 17 маусым – ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейро Ұйымның Тұрақты кеңесінің қатысушыларына ЕҚЫҰ өңіріндегі БАҚ бостандығының жай-күйіне талдау жасап, өзінің Кеңсесінің соңғы жеті айдағы қызметі туралы баяндады.
Т.Рибейро бұқаралық ақпарат құралдарына қысымның күшеюіне және олардың ЕҚЫҰ өңіріндегі демократиялық принциптер мен қауіпсіздікке теріс әсеріне алаңдаушылық білдірді. Ол Хельсинкидің қорытынды актісінде бекітілген еркін және тәуелсіз БАҚ-ты қолдау жөніндегі міндеттемелер ЕҚЫҰ-ның күн тәртібінің негізі болып қала беретінін назарға алды.
ЕҚЫҰ өкілі Ұйымға қатысушы мемлекеттерде сөз бостандығы саласындағы оң процестердің ішінде «Қазақстанда журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жазалар қатаңдатылғанын» атап өтті.
ЕҚЫҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілмен ынтымақтастықты, әсіресе оның Кеңсесінің «Масс-медиа туралы» ҚР Заң жобасына ұсынымдарын жоғары бағалады. Қазақстандық дипломат қатысушыларға жаңа заң журналистерді қорғауға және олардың азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылының құқықтық негіздерін белгілеуге бағытталған ережелерді қамтитынын жеткізді. Сондай-ақ, Өкілдің 2024 жылғы 26-27 маусымда Алматыда журналистердің қауіпсіздігі жөніндегі ЕҚЫҰ өңірлік іс-шарасын өткізу туралы бастамасын құптады.