Қазақстан мен Аустрия энергетика саласындағы серіктестікті нығайтуда

Қазақстан мен Аустрия энергетика саласындағы серіктестікті нығайтуда

Вена, 2024 жылғы 11-12 маусым – ҚР Энергетика министрі А.Сәтқалиев Қырғызстанның Дүниежүзілік банкпен және Аустрия үкіметімен бірлесіп ұйымдастырған Халықаралық энергетикалық инвестициялық форумға қатысу аясында Венаға сапар шекті.

Форумның басты тақырыбы Орталық Азия елдерінің энергетикалық тұрақтылығына бағытталған Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы жобасы болды. Іс-шара нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика министрлері Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы мен пайдалану жобасын дайындау бойынша ведомствоаралық келісімге қол қойды.

Сапар барысында министр А.Сәтқалиев Аустрия өнеркәсіп қауымдастығының президенті Георг Книллмен, сонымен қатар Siemens Austria, Andritz Hydro, Gas Connect, AGGM сияқты ірі энергетикалық компаниялардың басшыларымен кездесті.

А.Сәтқалиев аустриялық тарапты Қазақстанның энергетикалық нарығының жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етіп, инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға шақырды. Өз кезегінде Г.Книлл Қазақстанның Аустрияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтіп, аустриялық өнеркәсіптің ынтымақтастықты күшейтуге мүдделілігін білдірді. Аустриялық бизнес өкілдері Қазақстандағы энергетиканы дамыту жоспарларын, атап айтқанда, «жасыл» өндіруші қуаттарын ынталандыру шараларын жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа серпін беруге келісті.

1946 ж. құрылған Аустрия өнеркәсіп қауымдастығы аустриялық өнеркәсібі мен онымен байланысты секторлардың мүдделерін білдіретін ерікті және тәуелсіз ұйым болып табылады. Қауымдастық федералдық жерлер, федералдық деңгейде және Еуропада өндіріс, несие секторы, инфрақұрылым және өнеркәсіпке қатысты қызмет көрсету саласының 5000-нан астам мүшесінің мүдделерін қорғайды.