ЕҚЫҰ Форумында Орталық Азиядағы шекара қауіпсіздігі мен шекара режимін күшейту жөніндегі шаралар талқыланды

ЕҚЫҰ Форумында Орталық Азиядағы шекара қауіпсіздігі мен шекара режимін күшейту жөніндегі шаралар талқыланды

Вена, 2024 жылғы 4 маусым – Вена қаласында Орталық Азиядағы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шекара режимін оңтайландыру үшін жасанды интеллектті қоса алғанда, озық технологияларды пайдалануға арналған ЕҚЫҰ Бас хатшысы мен Орталық Азия шекара қызметтері қолбасшыларының 2-ші форумы өтті.

Форумға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - ҚР Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов бастаған Қазақстан делегациясы қатысты.

Іс-шарада Орталық Азия мемлекеттерінің трансшекаралық сын-қатерлерге, соның ішінде Ауғанстаннан келетін қауіп-қатерлерге қарсы күрестегі ағымдағы күш-жігерін қолдауға ықпал ететін ЕҚЫҰ жобалары мен құралдары ұсынылды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін күшейту бойынша нақты шаралар мен ұсынымдар айқындалды.

Отырыс барысында шекара қызметтерінің қолбасшылары ұшқышсыз ұшу аппараттарын, биометрия мен жасанды интеллектті пайдалануға баса назар аудара отырып, өз елдерінің шекара қауіпсіздігі және бақылау саласындағы озық тәжірибесін ұсынды. Осы саладағы трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және оңтайландыру жолдары талқыланды.

Қазақстандық делегация басшысы күрделі геосаяси жағдайға, терроризм мен трансшекаралық қылмыс қатерлеріне байланысты халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің шекара ведомстволарының технологиялық және оқу-әдістемелік әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалары арқылы өңірдің қауіпсіздігін нығайтуға қолдау көрсеткені үшін ЕҚЫҰ-ға алғысын білдірді.

Форум аясында Қазақстан делегация басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидпен кездесіп, шекара қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі одан арғы қадамдарды талқылады.