Қазақстан ЯҚТШ Дайындық комитетінің екінші сессиясына төрағалық етуге әзірленуде

Қазақстан ЯҚТШ Дайындық комитетінің екінші сессиясына төрағалық етуге әзірленуде

2024 жылғы 28 мамыр, Вена – Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы бөлімшесінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) 11-ші Шолу Конференциясы Дайындық комитетінің (Препком) екінші сессиясының мәселелеріне арналған тақырыптық семинар өткізілді.

Бұл семинарды Австрия, Қазақстан және Швейцария миссиялары Венада орналасқан барлық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың мүдделі қызметкерлері үшін бейресми пікірталас алаңы форматында ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – 2024 жылғы 22 шілде мен 2 тамыз аралығында Женевада Қазақстанның төрағалығымен өтетін Препкомның екінші сессиясының сәтті өтуіне үлесін қосу (ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин  Төраға болып тағайындалған).

Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді семинарға қатысушыларға арналған сөзінде әлемдегі аса күрделі геосаяси жағдайда ЯҚТШ режимінің айрықша сынақтардан өтіп жатқанын айтты. «Халықаралық қауіпсіздік архитектурасы мен ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режимінің негізі болған және болып қала беретін ЯҚТШ-ның тиімділігі мен беріктігін сақтау және нығайту мақсаты төңірегінде барлығымыз бірігетін сәт келді», - деді ҚР Елшісі.

Ол, сондай-ақ, Төраға А.Рахметуллиннің өз қызметіне кіріскен сәтінен бастап ЯҚТШ-ның барлық үш тұғыры аясындағы басымдықтар мен алаңдаушылықтарға қатысты ортақ түсіністікті қалыптастыру мақсатында Нью-Йорк, Вена және Женевадағы көпжақты алаңшаларда барлық мүдделі тараптармен ауқымды консультациялар өткізгенін атап өтті.

Семинарда қатысушылар алдағы PrepCom екінші сессиясының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, конструктивті әрекеттестікке және Препкомның екінші сессиясының қорытынды құжатын әзірлеу бойынша Төрағаға барынша қолғабыс танытуға әзірліктерін білдірді.