Аустрия астанасында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті

Аустрия астанасында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті

Вена, 2024 жылғы 23 мамыр – Аустрия астанасында 10-нан астам елден қазақ диаспорасы өкілдерінің басын қосқан Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті. Үш күнге созылған этникалық қазақтардың басқосуын биыл 50 жылдығын атап өтетін Аустриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығы ұйымдастырды. 20 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан шара Еуропада тұратын қазақтар үшін маңызды дәстүрге айналған.

Құрылтай жыл сайын Еуропаның әр түрлі қалаларында өтіп, құрлықтың әр түкпірінен келген қазақтарға тәжірибе алмасуға және кездесуге мүмкіндік береді. Өткен жылдары бұл шара Кельн, Париж және Мюнхенде өтсе, биыл Вена қонақтарды қабылдау құрметіне ие болды.

Шараның салтанатты бөлігі Еуропаның әртүрлі елдерінен келген 350-ге жуық қазақтардың басын қосқан Вена мэриясының үлкен залында өтті. Қазақстаннан арнайы келген Орал қаласының «Арнау» ансамблі әртістерінің өнер көрсетуі қандастарға ерекше сыйлық болды.

«Бүгін біз Қазақстанның туын Еуропаның қақ ортасында мақтанышпен көтереміз. Ата-баба салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа жеткізу, олардың өз тамырын, тілін, атамекенін ұмытпауы үшін барша қауыммен жиналдық. Ол үшін түрлі шаралар өтетін құрылтайымызды ұйымдастырып жатырмыз», - Аустриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығының төрағасы Мелике Дурмаз атап өтті.

Құрылтай еуропалық қазақтар үшін өз мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін ерекше маңызды оқиға. Қатысушылар арасында 20-ғасырдың ортасында Түркияға қоныстанған қазақтардың ұрпақтары, сондай-ақ Қазақстаннан жақында ғана қоныс аударғандар болды. Тілдік айырмашылықтарға қарамастан, қатысушыларды спорт тілі - Еуропаның әртүрлі елдерінен 8 команда қатысқан футбол турнирі біріктірді. Бұл іс-шара танысуға, араласуға және тарихи тамырларға қайта оралуға ықпал етті.