Лаксенбург (Аустрия), 2024 жылғы 21 мамыр – Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының өкілі Ләйлім Қашымова Академияның қаржылық есептілік аудитін жүргізу үшін 2024-2026 жылдар кезеңіне Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның тәуелсіз сыртқы аудиторы болып тағайындалды.
2024 жылғы 15-17 мамыр аралығында Л. Қашымова Таиланд және Ресей аудиторларымен бірлесіп Академияның 2023 жылға арналған қаржылық есептілік аудитін жүргізді.
Академияның Басқарушылар кеңесі үш тәуелсіз сыртқы аудиторлар алқасын осы халықаралық білім беру ұйымына мүше елдердің ұлттық жоғары қаржылық бақылау органдарының аға мүшелері қатарынан тағайындайды. Тәуелсіз сыртқы аудиторлар жеке тұлға ретінде әрекет етеді және аудит жүргізу кезінде толық функционалды және ұйымдастырушылық тәуелсіздікке ие, бұл академияның қаржылық қызметін бағалаудың объективтілігі мен бейтараптығына кепілдік береді.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия - білім беру, зерттеу және ынтымақтастық арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы білім мен практикадағы бар кемшіліктерді еңсеруге бағытталған халықаралық білім беру ұйымы. БҰҰ-ға мүше 77 мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан тұратын Академия 2010 жылдан бері Лаксенбург қаласында (Аустрия) орналасқан.