Қазақстанның белгілі опера әншісі Айгүл Шамшиденова мен пианист Сергей Кимнің «Қазақ Iнжулері - Ұлы Дала сарыны» жобасы аясында орындауындағы камералық концерт қазақстандық дипломаттар үшін ұмытылмас сыйлық болды.
2 шілдеде қазақстандық дипломаттар өздерінің кәсіби мерекесін - Дипломатия қызметі күнін тойлап өтеді. Дәл осы күні, 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі құрылды.
Өз сөзінде Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай бірнеше күн өткеннен кейін, 6 шілдеде, қазақстандықтар 22 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның астанасын көшіру туралы бастама көтерген, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есіміне лайықты түрде аталған Елордамыздың келесі мерейтойын атап өтетіндігін айтты.
Қазақстан астанасы халықаралық дипломатияның жалпыға бірдей танылған орталығы және бітімгершіліктің символына айналғанына назар аударылды. Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстан дәстүрлі түрде Азия мен Еуропаның-Шығыс пен Батыстың арасын жалғастырған байланыс көпір рөлін атқарып келуде, түрлі халықтар мен мәдениеттерді біріктіретін тарихи Жібек жолы өз аумағы арқылы өтті. Бұл тәуелсіз Қазақстанның елдер арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністі дамытуға, қарусыздану және бітімгершілік идеяларын алға жылжытуға бағытталған көпвекторлы сыртқы саясатын қалыптастыруға әкелді. Осы орайда, Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық арсеналдан бас тарту туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлығының бірі ретінде болғаны кездейсоқ емес.
Өткен жылдың соңында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда құру бойынша бірегей жоба аяқталды. Ағымдағы жылдың маңызды нәтижесі Қазақстанның Ядролық жабдықтаушылар тобына төрағалық етуінің аяқталуы болды. Осыған дейін мемлекет баллистикалық зымырандардың таралуын болдырмау үшін Гаага тәртіп кодексіне сәтті төрағалық етті. Осылайша, Қазақстан жаһандық таратпау және ядролық қаруды бақылау режимін нығайтуға айтарлықтай үлес қосуды жалғастырып келуде.
Төменгі Аустрия Жерінің өкілі Кристоф Кауфман мерекелік кеште сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Аустрия арасындағы екіжақты қатынастардың, оның ішінде өңірлік деңгейде тұрақты дамып келе жатқанын белгілеп, Қазақстан Аустрияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі екенін атап өтті.
Клостернойбург қаласында өзінің тарихи және мәдени дәстүрлерімен әйгілі ежелгі монастырь залында, Қазақстанның Дипломатия қызметі күніне арналған концерт пен қабылдау Төменгі Аустрия федералды жеріндегі Қазақстанның Құрметті консулы А.Кисстің қолдауымен өтті.
Іс-шара тағы бір оқиғамен - Буркина-Фасодағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Эвелин Пол Зербо Буда патентінің тұсаукесерімен өтті. Африка құрлығындағы Қазақстанның дипломатиялық қатысуын кеңейтуге бағытталған бұл бастама қазақстандық дипломатияның көпвекторлық қағидатқа адалдығының тағы бір дәлелі болып табылады.
Іс-шараның қонақтары арасында қазақстандық дипломаттармен қатар Төменгі Аустрия федералды жерінің саяси, іскер және мәдени топтарының, дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының өкілдері және студенттері болды.
Қазақстандық музыканттардың орындаған камералық музыкасы, сөзсіз, коронавирус індеті бұзған Аустрияның мәдени өмірінде аса маңызды оқиға болды. Келген қонақтар мерекелік концерттің жоғары деңгейде өткенін айтып, ризашылығын білдірді.