
Вена, 2024 жылғы 14 мамыр – Біріккен Ұлттар Ұйымының Вена қаласындағы бөлімшесінде Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеубердінің Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының (Интерпол) Бас хатшысы Юрген Штокпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сонымен қатар көпжақты алаңдардағы, әсіресе 20-24 мамырда Венада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясы (ICONS-2024) аясындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.
Интерпол басшысы Қазақстан мен Аустралия тең төрағалық ететін ICONS-2024 жұмысына қатысуға үлкен қызығушылық танытты. ҚР Елшісі М.Тілеуберді Интерполдың ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі, сондай-ақ сезімтал материалдар мен жаңа технологиялардың мемлекеттік емес субъектілердің қолына түсуіне жол бермеуге бағытталған халықаралық күш-жігердегі рөлі мен әлеуетін жоғары атап өтті.
Тараптар сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заңсыз активтерді қайтару, терроризмге қарсы іс-қимыл, адам және қару-жарақ саудасымен күрес, есірткі бизнесімен және халықаралық қылмыстың басқа да түрлерімен күрес салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты өрбітуге уағдаласты.