Парламент Сенатының депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының конференциясына қатысты

Парламент Сенатының депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының конференциясына қатысты

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Асқар Шәкіров пен Төлеубек Мұқашев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған бейнеконференцияға қатысты. Онда Орталық Азия елдерінің парламентшілері арасында коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл, экономикалық даму, заңнамалық реформалар және парламентаралық үнқатысу мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Сенат Төрағасының орынбасары А.Шәкіров өз сөзінде COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі жан-жақты шаралар және оның Қазақстандағы зардаптары туралы айтып берді. Кездесуге қатысушылар сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған «құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы, атап айтқанда, бейбіт жиналыстар мен митингілерді ұйымдастыру, сондай-ақ партиялық жүйені нығайту мен парламенттік оппозиция саласында жүзеге асатын демократиялық өзгерістер туралы хабардар етілді.

ЕҚЫҰ ПА төрағасы Георгий Церетели Қазақстандағы дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға оң баға берді, сондай-ақ коронавирустың өршуінен қатты зардап шеккен Италияның Ломбардия аймағына гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Ассамблея ағымдағы жылдың соңына дейін халықаралық қоғамдастық алдында тұрған қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұқсас вебинарлар өткізуді жоспарлап отыр.