
Вена, 2024 жылғы 22-23 ақпан - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова бастаған Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 23-ші қысқы отырысына қатысуда. Іс-шараға 54 елден келген 230 депутаттар қатысуда.
Пленарлық сессия шеңберінде, сондай-ақ Ассамблеяның жалпы комитеттерінің отырыстары барысында халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, оның ішінде Парламенттік Ассамблеяның жаңа геосаяси жағдайларда сындарлы диалог құрудағы рөлі талқылану үстінде.
Экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің отырысы парламентшілерге климаттың өзгеруінің салдарын азайтудағы ынтымақтастықты, көлік бағыттарын, оның ішінде «Орта дәліз» бағытын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ жасанды интеллектті пайдалануды кеңейтуге байланысты сын-қатерлерді талқылауға мүмкіндік берді.
Қысқы сессия аясында Орталық Азия елдері делегацияларының өкілдері ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Арнайы өкілдері Фара Карими мен Ирен Хараламбидеспен кездесулері өтті.
Келіссөздер барысында қатысушылар ЕҚЫҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясының трансшекаралық су ресурстарын басқару, экологияны қорғау және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану, Орталық Азия өңірінің саясатында әйелдер мен жастарды ілгерілету салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге ұмтылысын құптады. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ның Арнайы өкілі Ф. Карими қазақстандық тараптың шақыруымен үстіміздегі жылдың сәуір айында Астанаға келуге ниетті екенін растады.