Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігінде өзара байланыстықты ілгерілетуге үлесін қосуда

Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігінде өзара байланыстықты  ілгерілетуге үлесін қосуда

Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің бастамасымен жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі дипломатиялық велошеруі биыл                       БҰҰ-ның Дүниежүзілік велосипед күніне орай Орталық Азия елдерінің делегацияларымен бірлесе отырып және ЕҚЫҰ-дағы Албания төрағалығының қолдауымен 6-маусымда ұйымдастырылды.

2018 жылдан бастап жүзеге асырылып отырған қазақстандық бастама ЕҚЫҰ кеңістігінде тұрақты өзара байланыстық тұжырымдамасын ілгерілетудің инновациялық және экологиялық құралдарының арқасында жыл сайын қатысушылардың оң бағаларына ие болуда.

70 шақырымдық велошеруге 60-қа тарта велоспорт әуесқойлары, оның ішінде ЕҚЫҰ Бас хатшысы Т.Гремингер, ЕҚЫҰ-ның жанында аккредиттелген Тұрақты өкілдер, дипломатиялық миссиялардың қызметкерлері және ЕҚЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысты.

Велошеруді бастау алдында Албанияның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Ұйым Тұрақты кеңесінің Төрағасы Игли Хасани бірнеше жыл бойы спорттық өмірдегі тамаша оқиғаға айналып, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерді шуақ әрі достық қалыпқа біріктіріп келе жатқан бастамасы үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай Албания төрағалығы мен Орталық Азия елдеріне  ұйымда осы велошеруді ұйымдастыруға көрсеткен қолдаулары үшін, сондай-ақ барлық қатысушыларға осы науқанды жүзеге асыруға күш-жігерлерін жұмылдырғаны үшін алғысын білдірді.

Қазақстандық дипломат атап өткендей, ЕҚЫҰ форматында жыл сайын осы іс-шараның өткізілуі өзара байланыстықты ілгерілетуді білдіреді, мұның өзі өңірлік және жаһандық деңгейдегі сенімді, қауіпсіздік пен өзара іс-әрекетті нығайтуға ықпал етеді.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Т.Гремингер Ұйым кеңістігінде өзара байланыстықты ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, бұл дәстүр  ЕҚЫҰ-дағы болашақ төрағалықтардың қолдауымен алдағы жылдарда да өз жалғасын табатынына сенімін білдірді.

Атап кететін жайт, шетелдік делегациялар тарапынан үлкен қызығушылықтың болғанына қарамастан, биыл ұйымдастырушылар коронавирус індетіне байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қатысушылар санын қысқартуға, сондай-ақ веломаршрутты Аустрия аумағының аясында шектеуге мәжбүр болды.

Ұйымдастушылар келесі жылы акция салауатты өмір салты мен «жасыл» көлікті ұстанушылар санын кеңейте түседі және ЕҚЫҰ кеңістігіндегі географиялық тұрғыдан ең жақын астаналар – Вена мен Братиславаны қамтиды деп үміттенеді.