Вена, 2024 жылғы 26 қаңтар – Мальтаның төрағалығымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Тұрақты кеңесінің алғашқы отырысы өтті. 2024 жылғы төрағалықтың басымдықтарын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мальтаның Сыртқы және еуропалық істер және сауда министрі Ян Борг таныстырды.
Министрдің айтуынша, Мальта Ұйымның құралдары мен тетіктерінің мүмкіндіктерін және оның әлеуетін жан-жақты, сондай-ақ ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында негізгі алаң ретінде барынша пайдалануға ниетті. Бұл ретте Мальта төрағалығы барлық өлшемдерде теңгерімді тәсілді ұстанатын мәлімдеді.
Мальта өзінің төрағалығы барысында трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұру, кәдімгі қару-жарақты бақылау бойынша міндеттемелердің сақталуына ықпал ету, климаттың өзгеруі салдарын бейімдеу және жұмсарту, сыбайлас жемқорлыққа, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа және адам саудасына қарсы күрес, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және т.б. бағыттарға назар аударуды жоспарлауда.
Өз кезегінде, Қазақстанның Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Іс басындағы төрағалықтың басымдықтарын қолдай отырып, Хельсинки қорытынды актісінің, Париж хартиясының және Астана декларациясы қағидаттарына сәйкес қауіпсіздік мәселелерінің кең ауқымы бойынша тең құқылы, диалог пен өзара сыйластық шеңберінде ЕҚЫҰ-ны бірегей форум ретінде сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Орталық Азия өңірі үшін ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде қазақстандық делегация өңірдің су мәселелерін шешуге бағытталған күш-жігерін шоғырландыруды ұсынып, Арал және Каспий теңіздерін құтқару жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың назарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.