Қазақстан мен ЕҚЫҰ коронавирус пандемиясы жағдайында цифрлік форматта өз жұмысын жалғастыруда

Қазақстан мен ЕҚЫҰ коронавирус пандемиясы жағдайында  цифрлік форматта өз жұмысын жалғастыруда

Коронавирус пандемиясына байланысты Аустрияда енгізілген шектеу шараларына орай 2020 жылғы 23 сәуірде Вена қаласында ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің жұмысы цифрлік форматта жалғасын тапты.

Отырыс барысында ЕҚЫҰ Іс басындағы Төрағасының Украинадағы және Үшжақты байланыс тобындағы (ҮБТ) Арнайы өкілі, Елші Хайди Грау мен ЕҚЫҰ Украинадағы Арнайы бақылау миссиясының (АБМ) Басшысы, Елші Халит Чевиктің баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылар COVID-19 таралуы жағдайында ҮБТ мен АБМ қазіргі таңдағы қызметі және қабылданып жатқан қорғаныс шаралары жөнінде хабардар етті. Атап айтқанда, Х.Грау гуманитарлық салада қол жеткізілген жетістік және Киев пен Донбасс арасында осы жылы алғашқы тұтқындарды алмасу туралы уағдаластықты атап өтті. Сонымен қатар, ҮБТ аясында күштерді қосымша ажырату туралы келіссөздер жүріп жатқандығы және жеке аймақтарды миналардан тазарту жоспарлары талқыланғаны айтылды. Халықты сумен үздіксіз қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі екені атап өтілді.

Өз кезегінде, Х.Чевик коронавирус пандемиясы салдарынан АБМ бақылаушылары қиын жағдайға душар болғанын, соған байланысты қызметкерлердің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болып жатқандығын мәлімдеді. Бейбіт тұрғындардардың және АБМ-ның ұшқышсыз ұшу аппараттарының атыстарға ұшырауы жергілікті халық пен миссияның қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні атап өтілді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қ.Сарыбай қақтығыс тараптарын Украинадағы АБМ-ның мандатын қауіпсіз іске асыруын қамтамасыз етуге шақырды. Украинадағы жағдайды бақылауға бағытталған АБМ мандатын ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттердің уақтылы ұзарту туралы шешімінің маңыздылығы атап өтілді. Минск келісімдерін іске асыру Украинадағы ахуалды реттеудің қазіргі таңда қолдағы бар жалғыз механизмі екенін Қ.Сарыбай ерекше атап өтті.

Пікірталастар барысында ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттері АБМ қызметіне өз қолдауларын білдіріп, коронавирусқа қарсы шараларының миссияның өз мандатын жүзеге асыруға кедергі келтірмейтіндей жағдай жасауға қақтығыс тараптарын шақырды.

Вена қаласындағы ҚРТӨ