Қазақстан Елшісі Словенияның Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Словенияның Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Любляна, 2023 жылғы 12 маусым – Люблянадағы Президент сарайында Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Әлібек Бақаев Словения Президенті Наташа Пирц Мусарға сенім грамоталарын тапсырды.

Салтанатты рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесу барысында Ә.Бақаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Словения Президентіне жолдаған жылы лебіздерін жеткізіп, еліміздің Словениямен ынтымақтастықты, сауда-экономикалық және транзиттік-көлік салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екендігін білдірді. Елші Президентті еліміздегі жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен және Астана халықаралық форумының қорытындыларымен таныстырды.

Өз кезегінде, Н.Пирц Мусар жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытып, Словения Қазақстанды сенімді әріптесі ретінде қарастыратынын және Люблянаның тығыз ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.

Кездесу соңында Словения Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тілеп, Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевқа жылы тілектерін жолдады.

Словенияға іссапары барысында Елші Ә.Бақаев Словения Ұлттық Ассамблеясының (Парламент) Төрайымы У.Клакочар Зупанчичпен, Словенияның Сыртқы және еуропалық істер министрлігі, Экономика, туризм және спорт министрлігі, Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерімен екіжақты кездесулерді өткізді.