Венада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын байқауға қатысуы талқыланды

Венада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын байқауға қатысуы талқыланды

Вена, 2023 жылғы 2 наурыз – Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Әлібек Бақаев 2023 жылғы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылауға парламентарийлердің қатысуын талқылау мақсатында Аустрияның Федералды Парламенті Ұлттық кеңесінің депутаты, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті, сондай-ақ ЕҚЫҰ ПА бақылаушылар миссиясының басшысы Райнхольд Лопаткамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ү.ж. 23-24 ақпанда Венада орын алған ЕҚЫҰ ПА қысқы сессиясының қорытындылары туралы пікір алмасты. Диалог құру және ұйымға деген сенімді нығайту үшін барлық күш-жігерді салу қажеттілігіне назар аударылды.

Елші аустриялық депутатты үздік халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкес сайлау рәсімдерін дайындау және ұйымдастыру туралы хабардар етті.

ЕҚЫҰ ПА мен ДИАҚБ миссияларының сайлауды байқауға қатысуы Қазақстанда соңғы жылдары жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістерді мойындау болып табылатынын атап өтіп, бақылаушылар тарапынан бейтарап және объективті баға беруге үміт білдірілді.

Өз кезегінде аустриялық депутат ЕҚЫҰ ПА делегациясы Астанаға ү.ж. 17 наурызда келуді жоспарлап отырғанын және 20 наурызға дейін болатынын атап өтті. Парламенттік Ассамблеясының депутаттары сайлау барысына әділ баға беру мақсатында Қазақстанға жіберіліп отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар тараптар екіжақты негізінде парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.