
Вена, 2023 жылғы 24 ақпан - Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Ә. Бақаев Аустрия Федералдық Президентінің Халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Г. Фогльмен кездесті.
Әңгімелесу барысында Ә. Бақаев сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың, сондай-ақ ү.ж. наурыз айында өтетін кезектен тыс парламенттік сайлау туралы хабардар етті. Бұл тұрғыда Қазақстан өзінің дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығы, елімізде серпінді және жан-жақты жаңарту процесі жүріп жатқаны атап өтілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау қоғамдағы өзгерістерді бейнелейді және біздің саяси жүйені одан әрі модернизациялауға қуатты серпін береді. Сайлауға байқаушы ретінде Аустрия өкілдері, оның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бойынша байқаушылардың қатысуы күтілуде.
Сонымен бірге, тараптар Қазақстан-Аустрия қатынастарының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Осыған байланысты мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты байланыстарды кеңейтуге және тереңдетуге жаңа серпін беретін аса жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың маңыздылығы назарға алынды.