Қазақстанның Тұрақты өкілі ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысына сенім грамоталарын табыстады

Қазақстанның Тұрақты өкілі ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысына сенім грамоталарын табыстады

Вена, 2022 жылғы 18 қараша – Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Әлібек Бақаев Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдқа сенім грамоталарын тапсырды.

Сұхбат барысында ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы көшбасшылық рөлін және оны Шарттың күшіне енуін ілгерілету процесіне қолдауды ерекше атап өтті. Ол өткен жылдың тамыз айында бұрынғы Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығымен және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығымен тұспа-тұс келген Қазақстанға жасаған ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы лауазымындағы алғашқы шетелдік сапарын ерекше еске алды. Қазақстан 2009 жылы бастамашылық еткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдар күнін ілгерілетуге арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының 2022 жылғы қыркүйектегі жоғары деңгейдегі пленарлық отырысының қорытындыларымен бөлісті.

Қазақстан дипломатиялық миссиясының басшысы Ұйыммен ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі ниетін растады. ЯСЖТШ-ның Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың шеңберінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану режимінің негізгі тірегі ретіндегі рөлін, сондай-ақ ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу үшін тиімді және практикалық шара екендігін атап өтті. Ядролық сынақтарға тыйым салуды верификациялау және бақылау бойынша еліміздің үлесі ретінде ЯСЖТШҰ халықаралық мониторинг жүйесінде қазақстандық сегментті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келешек ұрпақ үшін неғұрлым қауіпсіз әлемді құру мақсатында шартты әмбебаптандыру және оны тезірек күшіне енгізу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.