Қазақстан мен Аустрия арасында дипломатиялық қатынастардың орнауының 28-жылдығы қарсаңында, ҚР Елшілігінде «Қазақстанның Аустриядағы достарының» қатысуымен Кристина Муттонен ханымға жоғарғы мемлекеттік награда - «Достық» орденін табыс ету рәсімі өтті.
Қазақстан-Аустрия қарым-қатынастары дәстүрлі түрде барлық салада дәйекті түрде нығайып, кеңейуде: саясат, экономика және мәдени-гуманитарлық салаларында. Бұнда екіжақты форумдар шеңберінде өз қызметін жүзеге асыратын Қазақстанның Аустриядағы достары болып табылатын Аустрия Парламентінің «Аустрия-Орталық Азия» депутаттық тобы, Қазақстан-Аустрия қоғамы, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес және Қазақстанның Аустриядағы құрметті консулдар институты өкілдері үлкен үлес қосқан.
Салтанатты рәсімді ашқан Елші Қайрат Сарыбай, «Достық» орденімен мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан шетел азаматтары марапатталатынын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның жоғары наградасын «Достық» орденін Кристин Муттонен ханымға тапсыруына қуанышты екендігін айтты.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті, сондай-ақ Аустрия Парламенті Ұлттық Кеңесінің депутаты болған К.Муттонен ұзақ жылдар бойы Қазақстан-Аустрия қатынастарының дамуына үлкен қолдау көрсетті. 2016 жылдан бастап ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың «қозғалтқышы» болып табылатын Қазақстан-Аустрия қоғамының Вице-президенті болып табылады.
Салтанатты рәсімде Аустриялық-Қазақстандық қоғамның Президенті, Аустриялық экономикалық палатаның Вице-президенті Рихард Шенц жиналған барша қауым екі елдің мүддесі үшін өзара іс-қимылды нығайтуға адал қызмет етуге ниетті екенін атап өтті. Осыған байланысты ол Қазақстан-Аустрия қоғамының Вице-президенті К.Муттоненнің екіжақты қатынастарды дамытудағы рөлін айқындап берді.
Өз кезегінде К.Муттонен жоғары марапатқа алғысын білдіріп, Қазақстанды тек ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті ретінде ғана емес, сонымен қатар бұрын біздің елімізге жасаған сапарлары кезінде, Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік ашқанына ерекше тоқталып өтті. К.Муттонен Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға байланысты халықаралық мәселелерді шешудегі үлесін жоғары бағалады.
Мерекелік шара аясында «Silk Way Expedition through the Great Steppe 2019» экспедициясының қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.
Қонақтардың назарына «Silk Way Expedition through the Great Steppe 2019» халықаралық жобасына қатысқан еуропалық саяси және іскер топтар өкілдерінің, соның ішінде Кристина Муттонен және оның жұбайы – Кари Пекка Муттоненнің, сондай-ақ Қазақстанның Құрметті консулы Доротея Халлер-Ляйбленің қатысуымен фотослайд ұсынылды. Олар Жоба аясында Орталық және Шығыс Қазақстанның киелі жерлерін аралап, 16 күндік саяхатта Ұлы Даланың тарихы мен мәдениетімен танысып өтті. Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының туған жері Жидебайда болып, К.Муттонен өзіне әсері болған Абайдың «Жаз» өлеңін неміс тілінде оқып Қазақстан Президенті бастаған #Абай175жыл поэзиялық челлендждіне қатысты.


