
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Роберт Флойд ядролық қарусыздану мен таратпауды нығайтудағы ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшілігінде өткен cалтанатты шараға Венадағы елшілер қатысты.
Өз сөзінде ЯСЖТШҰ басшысы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласында дәйекті саясат жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы еліміздің белсенді және сындарлы рөлін белгіледі.
ЯСЖТШҰ басшысының Қазақстанға ресми сапары өткен жылы 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында бұрынғы Семей полигонының жабылуының 30 жылдығы аясында өтті. Бұл Роберт Флойдтың Атқарушы хатшы лауазымындағы алғашқы шетел сапары болды.
Семей полигонының жабылуы бүкіл әлемде ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі халықаралық күш-жігердің басталуын белгіледі, бұл ЯСЖТШҰ-ны бес жылдан кейін, 1996 жылы қабылдауға әкелді.