Қазақстан мен Австрия арасындағы көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді

Қазақстан мен Австрия арасындағы көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді

Көлік инфрақұрылымы Қазақстан мен Аустрия арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сонымен бірге, Қазақстан осы салада жаңа аустриялық технологияларды енгізуге қызығушылық танытады. Аустрия өз тарапынан, Еуропадан Азияға барар жолдағы еліміздің транзиттік әлеуетіне көңіл бөлуде. Осыған байланысты Қазақстанда Kapsch, Frequentis, Frauscher, SKIDATA, Liebherr, Gebrüder Weiss, т.б. сияқты әйгілі және жоғары инновациялық аустриялық компаниялардың өкілдіктері ашылды. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі мен Аустрия Республикасының Көлік, инновация және технологиялар федералды министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум негізінде инфрақұрылым саласында ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оның отырыстары Қазақстан мен Аустрияда кезекпен өткізіледі. 

Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің қолдауымен ү.ж. 12 қараша айында Венада Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің Көлік комитетінің төрағасы С.Гилимовтың қатысуымен жұмыс тобының кезекті отырысы өткізілді. Жұмыс тобының аустриялық тарапын Федералды көлік, инновация және технологиялар министрлігінің Технологиялар трансфері және зерттеу орталығының басшысы К. Вольф басқарды.

Кездесудің ашылуында Аустрияның көлік, инновация және технологиялар федералды министрі А.Райххардт аустриялық тараптың «көлік инфрақұрылымы саласындағы Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты» дамытуға қызығушылығын атап өтті. Осыған орай, Қазақстанда көлік және технологиялар трансфері саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделі аустриялық компаниялардың презентациялары жасалды. Атап айтқанда, бірқатар компаниялар көлік технологиялары және қалалық көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытты. Тағы бір фирма Азия мен Еуропа арасында жүйелі, интеграцияланған логистикалық дәліз құру жобасымен жұмыс істеуде. Бұл мақсатқа Вена - Братислава қалалары арасындағы еуропалық және трансконтиненталды теміржол желісін қосу арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыруда компания қазақстандық теміржол тасымалдаушысы ҚТЖ-мен өзара әрекеттесуге мүдделі.

Өз тарапынан қазақстандық делегация мүшелері аустриялық технологиялардың жоғары даму деңгейін ескере отырып, оларды «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жаңа кезеңін шеңберінде Қазақстанда енгізуге қызығушылық танытты.

Жалпы, жұмыс тобының өткен отырысы Аустриямен одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын тағы да талқылау, алдыңғы қатарлы аустриялық технологиялармен танысу, олардың Қазақстанда іс жүзінде қолданылуын талқылау, пікір және тәжірибе алмасу, сондай-ақ екіжақты тікелей байланыстар орнату үшін жақсы мүмкіндік береді.