
Бүгін, 19 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аустрия Республикасының Канцлері Карл Нехамер құттықтау хаттарымен алмасты.
Президент Қ. Тоқаев өз хатында тарихи қысқа мерзімде елдеріміз арасында мазмұнды саяси диалог орнағанын, тығыз сауда-экономикалық байланыс және көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықтың кеңейгенін атап өтті.
Өз тарапынан, жаңадан тағайындалған Канцлер К. Нехамер Қазақстан тек Аустрия үшін емес, жалпы Еуропалық одақ үшін де Орталық Азиядағы маңызды серіктес екенін атап өтті, сол себепті экономиканың түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделігін танытты.
Аустрия 1992 жылы Еуропа елдері арасында тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып мойындады.
Ынтымақтастықтың 30 жылдық кезеңінде екіжақты қарым-қатынастар қарқынды түрде дамыды. Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықта.
Қазіргі таңда екіжақты сауда-экономикалық байланыс тұрақты дамып келеді. Аустрия Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы жетекші сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Мәселен, бүгінде қазақстандық нарықта 350-ге жуық аустриялық компания орныққан. Бұл ретте Қазақстан ТМД елдері арасында Аустрияның екінші сауда серіктесі болып табылады.
Экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі 2011 жылы құрылған Қазақстан – Аустрия Үкіметаралық комиссиясы болды, оның 10-шы отырысы өткен жылдың қыркүйегінде өтті.
Екі елдің іскер топтары көлік инфрақұрылымы, жаңартылатын энергия көздері және медициналық техника бойынша жұмыс топтары, сондай-ақ Қазақстан – Аустрия Іскерлік кеңесі мен Өңірлер форумы аясында тұрақты түрде кездесулер мен келіссөздер өткізіп тұрады.
Қазақстан мен Аустрияның мәдени саладағы қарым-қатынастары белсенді дамып келеді. Тек соңғы 6 жылда «Қазақстанның інжу-маржандары – Ұлы дала әуендері» жобасы аясында Аустрия жұртшылығына Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін түрлі мәдени іс-шаралар өткізілуде.
Үш онжылдықтың қорытындылары бойынша, екі елдің бірқатар салалар бойынша өзара табысты ынтымақтастықты орнатқанымен қоса, оны одан әрі нығайтып отырғанын көрсетті.