
Любляна қ., 2022 жылғы 17 ақпан – Люблянадағы Президент Сарайында Қазақстан Елшісі Қайрат Омаров Словения Президенті Борут Пахорға Сенім грамоталарын тапсырды.
Салтанатты рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Словения Президентіне жолдаған жылы лебіздерін жеткізіп, биыл екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 30 жылдығының маңыздылығын атап, Қазақстанның Словениямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән беретінін хабарлады.
Елші сұхбаттасушысын Қазақстандағы ахуалмен және Мемлекет басшысының жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен таныстырды.
Өз кезегінде, Борут Пахор жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытып, Словения Қазақстанды сенімді әріптесі ретінде қарастырып, Люблянаның тығыз ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.
Кездесу соңында Борут Пахор екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тілеп, Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевқа жылы тілектерін жолдады.