Аустрия-Қазақстан қоғамының күн тәртібінде Қазақстан мен Аустрия арасындағы инвестиция тарту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері

Аустрия-Қазақстан қоғамының күн тәртібінде  Қазақстан мен Аустрия арасындағы инвестиция тарту  және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері

Аустрияның іскер және саяси топтарының Қазақстандағы маңызды оқиғаларға деген тұрақты қызығушылығы анық байқалуда. Мәселен, Аустрия-Қазақстан қоғамының (АҚҚ) отырысының барысында Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қ.Сарыбайдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында баяндалған еліміздің ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық бағытының негізгі қағидаттары туралы ақпараты зор ықыласпен қабылданды.

Қ.Сарыбай Жолдауда жаһандық індет ықпалынан болған ауқымды дағдарысты еңсеруге қатысты барынша маңызды іс-шаралар атап көрсетілгенін, ұлттық экономиканы дамыту қарқынын жеделдетуге және ҚР азаматтарының әл-ауқатын арттыруға арналған алдағы қадамдар жоспарланғанын атап өтті.

Елші Қазақстанның инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бойынша іс-шараларды түсіндіріп берді, атап айтқанда аустриялық бизнес үшін келешегі зор бағыттардың бірі жасыл экономика, жаңа технологиялардың өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына енгізілуі екеніне екпін түсірді.

Жолдауды талқылау бойынша жүргізілген пікірталас барысында ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы президенті және АҚҚ-ның қазіргі вице-президенті Кристина Муттонен медицина және білім беру салаларындағы даму стандарттарын өсіру бағытындағы жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап айтты.

Аустрия-Қазақстан қоғамы, негізінен, Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесінің теңтөрағасы және Аустрияның Экономикалық палатасының вице-президенті доктор Рихард Шенц басшылық ететін іскер топтардан құралғандықтан, АҚҚ отырысына қатысушылар тарапынан Қазақстан мен Аустрияның арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жағдай жасауға бейімділік анық байқалды.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасының Елшілігімен бірлесе отырып Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын, сондай-ақ аустриялық іскер топтарды ҚР-ның экономикасының келешегі зор салаларымен және бизнес жүргізу мүмкіндіктерімен таныстыратын тұрақты жұмыс істейтін алаң құру мәселесін барынша тездетіп шешудің қажеттілігіне назар аударды. Аустрияның Батыс-Шығыс көлік дәлізін қамтамасыз ету бойынша тарихи қалыптасқан тәжірибесін ескере отырып, аустриялық компаниялардың азиялық нарықтармен өзара тауар және қызмет түрлерін алмасу жүретін «Жібек жолы» транзиттік-көлік дәлізін дамытуға қатысуға деген қызығушылығы атап айтылды. Қоғам мүшелерінің пайымдауынша, аустриялық инвестиция үшін ҚР-ның туристік секторы да өте маңызды. Экономикалық байланыстарды тереңірек дамытуға қазақстандық облыстармен аустрия федералдық жерлері арасындағы орнатылған әріптестік қарым-қатынастар мүмкіндік туғызады.

Жалпы алғанда, АҚҚ-ның президиумы қазақстандық студенттердің қатысуымен ұйымдастырылатын іс-шараларды жалғастыру, олардың аустриялық кәсіпорындарда тәжірибелік білім мен дағды алуынга көмектесу үшін Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесімен, сондай-ақ Аустриядағы қазақстандық студенттер қауымдастығымен бірлескен атқарылатын жұмысты ширату ниетін тағы бір рет растады.