
2020 жылғы 15 қыркүйекте Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Елші Қайрат Сарыбайдың төрағалығымен Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның (ХСЖҚА) Ассамблеясы Бюросының онлайн форматта кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысқа Бюро мүшелері - Аустрия, Малайзия, Нигерия және Словакия, сондай-ақ БҰҰ өңірлік топтарының өкілдері қатысты.
Тараптар Академияның қызметіне қатысты мәселелердің кең ауқымын, оның ішінде мекемені одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс бағдарламасын талқылады.
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды жүзеге асыруда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен жүйелі күресу мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі деп мәлімдеді.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиямен ынтымақтастық жөніндегі Қазақстандағы уәкілетті мемлекеттік орган - 2018 жылдың мамыр айында Академиямен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік.