ЕҚЫҰ өкілінің БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі кеңсесі БАҚ саласындағы қадағалау жөніндегі әлемдегі жалғыз үкіметаралық орган болып табылады.
Институт 1997 жылы ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің №193 Қарары негізінде құрылған және Венадағы ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде орналасқан.
Өкілдің мандаты ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттерде БАҚ саласындағы оқиғаларды қадағалауды жүзеге асыру, қабылданған пікір білдіру және БАҚ бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі қағидаттар мен міндеттемелердің толық сақталуына жәрдемдесу болып табылады.
Өкіл алдын ала ескерту функциясын орындайды және ЕҚЫҰ өңіріндегі сөз және БАҚ бостандығының бұзылуына жедел ден қояды. Өкілдің міндеттеріне журналистерді қорғау, БАҚ қызметінің бұзылу жағдайлары мен журналистердің қызметі үшін орын алған қолайсыз жұмыс жағдайларын қарастыру кіреді.
Өкіл тұрақты негізде ЕҚЫҰ өңірінде БАҚ бостандығы мен пікір білдіру мәселелеріне байланысты баяндамалар ұсынады. Мақсаты ЕҚЫҰ-ның тиісті қағидаттары мен міндеттемелерінің неғұрлым толық орындалуын ілгерілету, сондай-ақ ортақ құндылықтар негізінде қатысушы мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыру болып табылады.
Өкіл журналистердің қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың нашарлауы туралы жұртшылықты хабардар етуде жетекші рөл атқарады және осы тақырып бойынша мерзімді баяндамалар жасайды.
Өкілдің міндеттері:
♦ Қудалау жағдайында журналистерді қорғау;
♦ Телерадио хабарларын тарату, баспа және жаңа медиа салаларында плюрализмді ілгерілету;
♦ Журналистер қауымдастығы арасындағы диалогты дамыту;
♦ Үгіт-насихат және «жалған» жаңалықтар мәселелерін шешуге мүмкіндік беру;
♦ ЕҚЫҰ кеңістігінде конференциялар өткізу;
♦ Сөз бостандығын сақтау барысында терроризмге итермелеуге және қасақана және агрессивті жеккөрушілік тіліне қарсы тұру;
♦ Жала жапқаны үшін қылмыстық жазаның күшін жоюға бағытталған күш-жігерге жәрдемдесу;
♦ Интернеттегі БАҚ бостандығын қорғау;
♦ Қатысушы мемлекеттерге БАҚ жұмысын реттейтін заңнамаларды реформалауға жәрдем көрсету мақсатында құқықтық сараптамалар жүргізу;
♦ Қоғамдық хабар тарату ұйымдарының рөлін арттыру;
♦ Өзін-өзі реттеу тетіктерін ілгерілету;
♦ Үкіметтік ақпараттарға қол жеткізуге жәрдемдесу;
♦ Журналистердің ақпарат көздерінің құпиялылығын сақтау құқықтарын қорғау.
1998 жылдан 2004 жыл кезеңінде Фраймут Дуве (ГФР) Өкіл болды. 2004 жылдан 2010 жылға дейін – Миклош Харасти (Венгрия). 2010 жылдан 2017 жылға дейін - Дуня Миятович (Босния және Герцеговина). 2017 жылдан 2020 жылға дейін – Арлем Десир (Франция). 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Өкіл - Тереза Рибейро (Португалия).
Институтпен соңғы негізгі кездесулер мен іс-шаралар
♦ 2021 жылғы 13 қыркүйекте ҚР астанасына сапары барысында Өкіл Т. Рибейро СІМ Басшысы М.Тілеубердімен кездесті. Қазақстандағы шетелдік журналистердің жағдайы мен БАҚ бостандығына қатысты басқа да мәселелер талқыланды.
♦ 2021 жылғы 16 қыркүйекте өкіл Нұр-Сұлтан қаласында өткен XVII Еуразиялық медиафорумында баяндамашы ретінде сөз сөйледі.
♦ 2022 жылғы 19 қаңтарда Венаға жұмыс сапары барысында ҚР СІМ Басшысы БАҚ бостандығы жөніндегі өкілді Қазақстанда жыл басында орын алған жағдай туралы хабардар етті. Сондай-ақ, ҚР Президентінің адам құқықтарын қорғау, сайлау процесі және демократияландыру саласындағы заңнамалық бастамаларының төрт пакетінің нәтижелері жеткізілді.
♦ 2022 жылғы 06 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенкомен кездесуі барысында қазақстандық дипломат Өкіл Т.Рибейроны институттың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады.