Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын ұсыну тәртібі

«Ата жолы» картасы шетелдегі этникалық қазақтар үшін Қазақстанда бизнес жүргізу мақсатында көшіп келушілерге немесе талап етілген кәсіптері бар адамдарға берілетін құжат.

2023 жылдың шілдесінен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады.

«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады.

«Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие.«Ата жолы» картасының иегері:

- медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету;

- ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес ҚР аумағында жұмысқа орналасу;

- Қазақстан аумағында Кәсіпкерлік кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;

- ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;

- «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;

- Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады.

Дата публикации
23 августа 2023