2015 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Елшілігі «Қазақстанның інжу маржандары - Ұлы дала әуендері» жобасы іске асырылып, оның аясында қазақстандық музыканттардың концерттері, сондай-ақ басқа да бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілді.
Алтын Орданың 750 жылдығын, сондай-ақ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу шеңберінде камералық музыканың концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.
2021 жылы 11 шілдеде «Ost-West Musikfest 2021» атты музыка фестивалі шеңберінде Қазақстан Республикасының халық әртісі, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева мен еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Сара Асабаеваның ҚР-дың 30 жылдығына арналған концерті ұйымдастырылды.
2021 жылғы 1 қазанда Вена техникалық мұражайында Қазақстанның Аустриядағы Елшілігі мен Аустрияның климатты қорғау, қоршаған орта, энергетика, инновациялар және технологиялар бойынша федералды министрлігінің қолдауымен ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, аустриялық ғарышкер Франц Фибек және экипаж командирі Александр Волков кіретін «Австромир» атты ғарыш экспедициясының 30 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған іс-шара өтті. Іс-шараға Аустрияның Федералды министрі Л. Гевесслер, аустриялық ғарышкер Ф. Фибек, қазақстандық ұшқыш-ғарышкер Т. Әубәкіров (бейнесілтемесі арқылы), Вена техникалық мұражайының бас директоры, сондай-ақ ғарышкерлік саласындағы ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.
2021 жылғы 14-15 қазан аралығында Венадағы «Штадкино» (Stadtkino) кинотеатрында Қазақстан киносының күндері өткізілді. ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай өткізілген кинокөрсетілімде жергілікті көрермендерге отандық кинематографтың екі танымал туындысы – Ақан Сатаевтың «Томирис» және Джефф Весптің шетелдік айналымда «Париж әні» ретінде танымал «Әміре» фильмдері ұсынылды.
2022 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын мерекелеу аясында, сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Р. Бағланованың 100 жылдығына орай, Штирия федералды жеріндегі ҚР Құрметті консулы Г. Небельдің қолдауымен Грац қаласында Венада жұмыс істейтін белгілі қазақстандық әртістер мен Аустрияда білім алып жатқан жас таланттардың концерті ұйымдастырылды.
2022 жылғы 12-19 қыркүйек аралығында Вена қаласында «One world. New generation» мәдени шаралар апталығы аясында «Жануарлар - менің достарым» және «Менің жасыл планетам» тақырыптарына Қазақстан балаларының сурет көрмелер сериясы жарық көрді. Сондай-ақ, Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Омаровтың, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің Бас директоры Гада Валидің, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекет елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, Аустрия федералды жерлеріндегі ҚР-дың құрметті консулдары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мемлекеттік білім органдарының өкілдерінің қатысуымен балалар суреті көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2022 жылғы 9-10 қараша және 29 желтоқсанда Вена, Клагенфурт және Зальцбург қалаларында Республика күнін мерекелеу және Қазақстан мен Аустрия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Қазақ Ұлттық Өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрінің концерттері ұйымдастырылды.
2023 жылғы 25 наурызда Аустрия астанасында «Наурыз» көктем мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Венадағы Елшілігі «Дүйсен Қасейінов» Қоры және Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, «Арнау» фольклорлық ансамблінің концертін ұйымдастырды.
2023 жылғы 13 сәуірде Аустрия астанасындағы әйгілі «Эрбар» концерт залының сахнасында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, тенор Медет Шотабаевтың және «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» музыканттарының «Bridge of Times» концерті өтті. Концерттік бағдарламаны Қазақстанның Аустриядағы Елшілігі әртістердің әлемдік гастрольдік туры аясында ұйымдастырды.
2023 жылғы 4-6 тамызда Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің бастамасымен және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблінің әртістері Аустрияның ең ірі дәстүрлі «Филлахер Кирхтаг» (Villacher Kirchtag) музыка фестивалі аясында өнер көрсетті. 30 шілде мен 6 тамыз аралығында өткен дәстүрлі 78-ші «Villacher Kirchtag» фестивалі биыл 300.000-нан астам көрермендерді жинады.
2023 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы күнін мерекелеуге орай Венаның танымал «Muth» концерт залдарының бірінде жетекші ұлттық фольклорлық-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблінің концерті ұйымдастырылды.
2023 жылғы 6-7 қарашада Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу аясында Венаның «Штадкино» атты орталық кинотеатрларының бірінде қазақстандық «Дос Мұқасан» және «Паралимпиец» фильмдерінің көрсетілімі өтті. Көрсетілім Қазақстанның Аустриядағы Елшілігі, Қазақстан киносының Француз қауымдастығы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, сондай-ақ «EduStream» білім беру орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
2023 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Аустрия Ұлттық кітапханасының ғимаратында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің көрмесі ашылды. «Қазақстан көшпенділері. Салты мен дәстүрлері» атты көрменің ашылу салтанатында Аустрияның мемлекеттік органдарының, мәдениет, өнер, білім, туризм, БАҚ, бизнес құрылымдарының, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Қонақтардың назарына Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорларынан көптеген экспонаттар ұсынылды, олардың ішінде музыкалық аспаптар, тұрмыстық заттар, киім-кешек және т.б. Табиғи материалдардан жасалған әшекейлері бар қазақ киіз үйі келушілерге ерекше ұнады.
2024 ж. 15-16 наурызда Аустрия астанасында Вена филармониясының "Musikverein" сахнасында "Наурыз" көктемгі мерекесіне орай Елшілік Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп "Ақжарма" фольклорлық ансамблі мен М.Өскінбаев атындағы "Жорға" би ұжымының концертін ұйымдастырды.
2024 ж. 21-23 мамырда Венада 10-нан астам елден қазақ диаспорасының өкілдерін жинаған Еуропа қазақтарының құрылтайы ұйымдастырылды. Этникалық қазақтардың үш күндік жиналысын Аустриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығы (2025 жылы өзінің 50 жылдығын атап өтеді) Елшіліктің көмегімен ұйымдастырды.
2024 ж. 10-11 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында "Венадағы қазақстандық кино күндері" өтті. Іс-шара аясында "Алматы, мен сені сүйемін" және "Ұлы Дала таңы" атты кинофильмдер көрсетілді.
2025 жылғы 24 наурызда әлемге әйгілі Вена филармониясының Брамс залында Наурыз мейрамына арналған салтанатты концерт өтті. Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл мерекелік шараға Австрияның дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері, іскерлік және мәдени орта өкілдері, сондай-ақ Венада тұратын қазақ диаспорасы мен студенттер қатысты. Кештің көркін фольклорлық "Мұрагер" филармониясы мен "Інжу-Маржан" би ансамблінің өнері аша түсті.